Театр тарихы

Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы 

қазақ музыкалық драма театры

Театр 1955 жылы Талдықорған қаласында негізін қалады. Аталмыш театр іргетасының берік қалануына Жақып Әбілтаев пен Виктор Иванович Дьяковтың орасан зор еңбек сіңіргенін ерекше атап өткен орынды. Олар актерлердің басын қосып, труппаны үлкен ұжымға айналдыра алды.

1960 жылы театр Сыр өңіріне қоныс аударып шымылдығын Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашты.

Сол алғашқы жылдары театрдың артистер құрамында қазір театр тарихында есімдері алтын әріппен жазылған майталман орындаушылар Жақып Әбілтаев, Баймолда Баймұқанов, Кәден Балғынбаев, Шолпан Бәкірова, Әбдіғұмар Кәнетов, Сағымбек Рақышев, Қыдырма Көпбаев, Кәшифа Көпбаева, Айнатай Манасбаева, Шәріп Мәрденов, Халық Саурықов, Раиса Тәшібаевалар болған еді. Осы кезеңде театр директоры Сағымбек Рақышев, бас режиссері Жақып Әбілтаев (1955-1962) болды. Осы аталған сахна дүлдүлдерінің өкшесін баса театрға келген жастар: Жібек Бағысова, Серік Шотықов, Рыстай Алдамжарова, Тұрысжан Айнақұлов, Фатима Айнақұлова талай рольдердің шырайын ашты.

Театр Қызылордаға қоныс аударған жылдары труппа құрамына Сыр елінің бірсыпыра өнерпаз жастары – Ташкент ГИТИС-ін бітірген Пахраддин Қуанышев, Ізбасқан Шәкіров, Жорабек Шүленбаев, М.Әуезов театрының студиясын бітірген Ұлбатай Баяділова, Айымторы Тайғаринова, Қалмахан Бисембинов, сондай-ақ, мәдениет мекемелерінде қызмет істеп жүрген Оралбек Әбдімомынов, Ыбырахым Раманқұлов, Зағипа Сәулебаева, Ақтөбеден секілді жас таланттар шоғыры келіп қосылды.

Алғашқы жылдардағы қиыншылықтарға қарамастан театр ұжымы Орал, Оңтүстік Қазақстан, Жезқазған облыстары мен Қарақалпақстан, Өзбекстанның Бұхара облыстарына гастрольдік сапарларға шығып, көпшіліктің эстетикалық талғамының артуына ықпал етті.

Маман Байсеркеновтың режиссерлығымен 1967 жылы В.Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясының» сахнада табыспен қойылуы бүкіл қазақ театр өнерінің табысы ретінде бағаланды. М.Байсеркенов бұл пьесаны сахналауға өзінің суреткерлік қарым-қабілетін сарқа жұмсады. Содан болар оның спектаклі жарқын мазмұнымен, публицистикалық тілімен, драмалық тегеурінімен,төңкерістік романтикасымен ерекшеленді.

Көрнекті авторлардың айтар ойы салмақты күрделі шығармаларын сахналауда айтарлықтай табысқа жетіп, қарқынды дамудың үлгісін көрсеткен ұжымға 1967 жылы Нартай Бекежановтың есімі берілді.

    М.Байсеркеновтың батыл ізденісін танытқан келесі туынды – Александр Штейннің «Толасы». «Толас» спектаклі театрға Қазақ ССР мәдениет министрлігінің дипломын алып берді. Сондай-ақ М.Байсеркенов кезінде Ш.Бәкірова, Ж.Бағысова, Т.Айнақұлов, К.Көпбаева, О.Әбдімомынов Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атақтарын алды.

Театрда белсенді қызмет еткен режиссерлер Исмайыл Құрымов, Төлеш Тұңғышбаев, Тастан Өтебаев театрдың ары қарай дами түсуіне аянбай атсалысты.

Театрға 1971 жылы Тастан Өтебаев бас режиссер болып тағайындалып, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты», С.Адамбековтің «Аюбайдың ажалы», А.Тоқмағамбетовтің «Тоқсан толғау», С. Шәймерденовтің «Әнім сен едің», М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясын қойды. Ол қойған грузин драматургі Г.Хухашвилидің «Өмір жолы» пьесасы үшін Қызылорда театры алғаш рет Бүкілодақтық фестивальдің дипломына ие болды. Бұған суретші Серік Пірмахановтың да қосқан үлесі зор. Ол өзінің көркемдік шешімін спектакль табиғатымен шебер үйлестіріп, режиссер ойын дөп басты.

Театр тарихында қазақ сахна өнерінің жұлдыздары – Қазақстанның халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Серке Қожамқұлов пен КСРО халық артисі Сәбира Майқанова Сыр сахнасы үшін арнайы келіп, өз шәкірттерімен бірге сахнада өнер көрсетуі үлкен мәдени құбылыс болып қалды. Сол кездері жалындаған жастық қуатымен күрделі рольдерді еркін игере бастаған Ізбасқан Шәкіров пен Рашида Түгелбаева осы тарлан актерлермен бірге өнер көрсетті. Бұл актерлік ойынды шыңдаудың салиқалы мектебіне айналды.

1971-1972 жылдары Мәскеуден ГИТИС-тің жоғары режиссерлік курсын бітіріп Хұсейін Теміровтің келуі театрға жаңа серпін берді. Ол 1974-1988 жылдардың аралығында театрдың бас режиссері қызметін атқарды.

Көптеген қойылымдар арқылы сатыланып барып биіктеп, классикалық туындыларға қадам басқан режиссер Х.Теміровтің «Король Лир» спектаклі 1977 жылғы классикалық шығармалардың республикалық байқауында ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. Осында басты рольдерді сомдаған С.Шотықовтың Сайқымазағы І-ші дәрежелі, Т.Айнақұловтың Лирі мен суретші С.Пірмаханов еңбегі ІІ-ші дәрежелі дипломды иеленді. Ш.Бәкірова мен Ж.Бағысованың, жас орындаушы Ә.Арысбаеваның еңбектері театр сыншылары мен мамандар тарапынан жоғары бағаланды.

Театр ұжымы Венгер драматургиясының фестиваліне Иштван Эркеннің «Сау басыма сақина» пьесасымен қатысып, зор табысқа ие болды. Бұл спектакль үшін театр Венгер Халық Республикасы Мәдениет Министрлігінің арнайы қола жүлдесіне ие болса, режиссурасы үшін Х.Теміров Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атанды.

1976-1978 жылдары Қызылорда театры ВЦСПС пен КСРО Мәдениет министрлігінің ауыспалы Қызыл туын және ақшалай сыйлығын жеңіп алды. Сондай-ақ, театр 1978 жылы Қарақалпақ АССР-ы Жоғарғы кеңесінің Құрмет Грамотасымен де марапатталып, үлкен абыройға ие болды.

1981 жылы театр ұжымы Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясымен КСРО-дағы ГДР драматургиясының фестиваліне қатысып, фестиваль лауреаты деп танылды. Бұл атаққа Х.Теміров пен суретші С. Пірмаханов та ие болды. Мәскеуден келген театр сыншылары облыстық қазақ театрының классикалық шығарманы қоюдағы талпынысына, суретші мен режиссердің көркемдік шешімдеріне оң бағасын берді. Сыншылар білдірген жылы лебіздер Фердинанд – А.Сейілханов, Луиза - Ә.Арысбаева, Президент – О.Әбдімомынов, Вурм – С.Шотықов, Маршал Фон Кальф – Я.Халықұловтарға қанат бітіргендей болды.

Алпыс жылдық тарихы бар театр ұжымы бірнеше рет гастрольдік сапарларға шығып, өздерінің шығармашылық тыныс-тіршіліктерін өзгелерге де көрсетіп, сын тезінен өтіп отырды.

1979 жылдың 15-31 мамыр аралығында театр ұжымы Нүкіс қаласына үлкен гастрольдік сапармен барды. Онда Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері –Ақтоқтысы», У.Шекспирдің «Король Лирі», М.Әуезовтің «Түнгі сарыны» мен «Еңлік – Кебегі», Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғаниы», Д.Исабековтің «Әпкесі», Т.Ахтановтың «Күшік күйеуі», И.Эркеннің «Сау басыма сақинасы», А.Сатаевтың «Ақбөпесі» және Қарақалпақ драматургі К. Рахмановтың «Келін» комедиясы көрсетілді. Репертуардағы шоқтығы биік спектакльдерімен барған театр ұжымы қарақалпақтықтарға үлкен өнер мерекесін сыйлап, өздері де көпшіліктің құрмет-қошеметіне бөленді.

Осы жылдың 15-25 тамыз аралығында Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ драма театры Алматының талғампаз көрермендері мен театр мамандарының талқысына М.Әуезовтің «Түнгі сарын», И.Эркеннің «Сау басыма сақина», У.Шекспирдің «Король Лир», Қ. Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек», Ә.Тәжібаевтің «Майра», Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғани», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері–Ақтоқты» секілді күрделі дүниелерін апарды. Осы спектакльдерімен театр ұжымы өздерінің жеткен биігін, шығармашылық мүмкіндіктері мен кәсіби сипаттарын анық таныта алды. Сол сапардың қорытындысы бойынша, Ж.Бағысова – Қазақстанның халық әртісі, Ш.Әбдібаев, С.Шотықов – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атақтарына ие болды. Сонымен қатар, режиссер Х.Теміровке ерекше алғыс білдірді.

1985 жылы театрдың жаңа ғимаратқа көшірілуі, сахналық көрініске кең мүмкіндік ашты. Әсіресе, айналмалы сахнаны пайдалану, дыбыс беру жүйесінің кең тынысты үні мен жарық аппаратураларының жақсаруы орындаушылардың шабыттана ойнауына ықпалын тигізді.

1990 жылы Алматыға гастрольдік сапар кезінде Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», Ш.Айтматовтың «Жан пида» романы бойынша қойылған «Ақырзаман», Иран-Ғайыптың «Күшігінен таланған», Қ. Сүйенішовтің «Сен де жалғыз, мен де жалғыз» пьесалары бойынша қойылған спектакльдер көрсетілді.

Сол жолғы театр тарихындағы үшінші рет Алматыға есеп беру гастролі қорытындысымен төрт орындаушы жоғары атақтарға ие болды. Олар: Серік Шотықов Қазақстанның халық артисі, Әлия Арысбаева, Бақытбек Алпысбаев, Асқарбек Сейілханов Қазақстанның еңбек сіңірген артисі деген құрметті атақтарды иеленді.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін театрдың жаңа тынысы ашылып, 1997 жылы Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театры болып, бүгінгі атауын алды.

Кез-келген театрдың шығармашылық келбетін театр фестивальдері кезінде анық байқауға болады. Өйткені фестиваль нағыз мықтылардың күш сынасар мәресі екенін ешкім жоққа шығармайды. Осы тұрғыдан қарасақ Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театры жоғарыда айтып кеткеніміздей, өздерінің көркемдік шоқтығы биік спектакльдерімен бірнеше фестивальдерге қатысып, қанжағаларын майлап қайтқаны мәлім.

Павлодар қаласында өткен Республикалық VІІІ театрлар фестиваліне (2000 жыл) Д.Исабековтің «Аққу–Жібегімен» қатысып, театрдың бас суретшісі С.Пірмаханов «Ең үздік сценография», Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбай «Ең үздік эпизодтық роль» номинацияларын жеңіп алды.

2003 жылдан бастап Х.Теміровтың басшылығымен театр жаңа қарқынды бетке алып, биік белестерді бағындыра бастады. Теміровтың режиссерлығымен қойылған төмендегідей спектакльдер өз бағасын алып, талай жүлделерді қанжығасына байлады.

2003 жылы Орал қаласында Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналып өткізілген XI республикалық театрлар фестиваліне драматург Т.Әліпбайдың «Исатайдың барында» спектаклімен қатысып, II-ші орынды иеленді.

Сол сияқты Қостанай қаласындағы Қапан Бадыровтың 100 жылдығына арналған XIІ республикалық театрлар фестиваліне (2004 жыл) Ж.Аймаутов пен Б.Майлиннің шығармаларынан құрастырылған «Аласапыран» спектаклімен қатысып, II-ші орынды иеленді.

2005 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналған түркі халықтары театрларының халықаралық «Наурыз» фестиваліне де осы спектакльмен қатысып, Талтаңбаевтың бейнесін сомдаған артист Р.Ахметов «Ең үздік ерлер бейнесін жасағаны үшін» номинациясын жеңіп алып, фестиваль лауреаты атанды.

Осы жылы Қызылорда қаласында өткен Қ.Жандарбеков пен Қ.Байсейітовтің 100 жылдық мерейтойына арналған XII республикалық театрлар фестиваліне У.Шекспирдің «Макбет» трагедиясын көрсетті. Әлем драматургиясының алтын қорына енген күрделі пьесаны игеруге деген театрдың талпынысы қазылар алқасы тарапынан оң бағаға лайық деп танылды.

Сол сияқты Ақтау қаласында өткен Н.Жантөриннің 80 жылдығына арналған Қазақстан театрларының XVI республикалық фестиваліне (2008 жыл) Египет жазушысы Тауфик Аль-Хакимнің «Сұлтанның сасқаны-ай!» комедиясымен қатысып, жүлделі III-ші орынды иеленді.

Қарағанды қаласында өткен Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған XVII республикалық театр фестиваліне (2009 жыл) С.Балғабаевтың «Өтірік айтпайтын адам» трагикомедиясымен қатысып, театр артисі А.Байдалиева «Әйел бейнесін үздік сомдағаны үшін» номинациясымен марапатталды.

Алматы қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің III Халықаралық театр фестиваліне (2010 жыл) Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасымен қатысып, «Саяси әлеуметтік тақырыпты көтергені үшін» номинациясын иеленді.

2012 жылы Түркия мемлекетінің Кония қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты түркітілдес театрларының Халықаралық фестиваліне Тургай Нардың «Төбекөз» спектаклімен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, аталмыш қойылыммен театр ұжымы 2013 жылы Татарстан астанасы Казань қаласында өткен театрлар фестиваліне қатысты.

Қызылорда қаласында Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXII республикалық фестиваліне (2014 жыл) М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясымен қатысып, «Сахналық актерлік ұзақ ғұмыр» номинациясымен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбаев, «Үздік сценографиялық шешім» номинациясымен қоюшы-суретші С.Пірмаханов марапатталды. Бұл көрсеткіштерден театрдың үнемі ізденіс үстінде екендігі байқалып тұр.

Қызылорда облысының әкімдігі мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен театр ұжымы 2015 жылдың сәуір айында Қазақ өнерінің Ұлыбританиядағы өнер фестиваліне Дулат Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасымен қатысып, қазақ театры тарихында алғаш рет қазақ тілінде Ұлыбритания сахнасында спектакль қойылып, Лондон жұртшылығының ыстық ықыласына бөленіп қайтты. Сонымен қатар, Лондондағы біршама қандастарымыз да қойылым тамашалап, қазақ еліне барып қайтқандай әсерде болғандарын айтып, көңіл-қуаныштарымен бөлісті.

Театрдың 60 жылдық белесінде оның табысты жұмыс жасауына, сахналық өнердің шырқау биігіне көтерілуіне әр жылдары театрдың директорлары болған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі С.Рақышев, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері С.Тұрлымұратов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ш.Әбдібаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Оразымбетовтер жұмыс жасап келді.

2008 жылдан бері театрдың директоры қызметін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдікәрімов Мұхит Сұлтанұлының атқарып келе жатыр.

Қазіргі таңда театрдың көркемдік жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Хұсейн Әмір-Темір өзінің мол тәжірибесімен шығармашылық ұжымға жүктелген күрделі міндеттерді жүзеге асыру жолында тынымсыз еңбек етуде.

Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бас суретші Серік Пірмаханов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ү.Бегімова, К.Әбжанова, Мәдениет қайраткерлері Б.Ботбаев, З.Төлепова, А.Артықбаева, Мәдениет саласының үздіктері А.Байдалиева мен Б.Темірбеков, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Қ.Айтжанова, артистер Ж.Досаев, Н.Шналиев, Ұ.Баймаханов, З.Көздібаева, С.Әбдразақов, А.Көшімбаев секілді өнер иелері театрдың өркендеуі жолында аянбай тер төгіп жүр.

Ұжымдағы жас толқын артистер Е.Асанов, Г.Дәужігітова, А.Төлеуова, А.Оразалиев, Қ.Архабаев, шығармашылық мол ізденіс үстінде көрініп келеді.

2014 жылы облыс әкімінің қолдауымен театр жанынан жастар труппасы құрылды. Труппа жас артистермен толықтырылып, тынбай еңбек етуде.

Театр репертуары соңғы жылдары Ә.Ақпанбектің «Түнгі көбелек», М.Сәрсековтың «Тендерге түскен келіншек», С.Жүсіптің «Ел батыры-Бұқарбай!, Ж.Ерғалиевтың «Құлпытастың көз жасы», Б.Айдарбековтың «Қара мең», Е.Төлеубайдың «Абай», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр», Б.Әлімжановтың «Ең сұлуым-Меңсұлу», Ә.Тәжібаевтың «Екі дәурен, бір ғұмыр» («Көңілдестер»,) Иран-Ғайыптың «Қорқыт», М.Әуезовтың «Қаракөз», Д.Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов», Д.Исабековтың «Жүз жылдық махаббат», О.Бодықовтың «Нартай», С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек», С.Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық және О.Бодықовтың «Нартай» сынды қойылымдарымен толықты.

О.Бодықовтың «Нартай» драмасы белгілі ақын, композитор Нартай Бекежановтың өмірі жайлы суреттеледі. Ол он жасынан бастапән сала бастаған. Бай - молдаларды шенеген, барымта әмеңгерлікті әшкерелеген. Нартай өлеңдері жалшыларды батылдыққа, қайсарлыққа шақырады. Нартай өмірінің соңғы кезеңіне дейін өткір идеялық құрал өнер мен мәдениетті дамыту жолында күресті. Сонымен қатар, Нартайдың сүйгені Үрмәш пен өнердегі өшпес із қалдырған серіктері Мырзабай, Қатира, Күндебай және олардың өнерін өрге жетелеген өлкенің өмірі суреттеледі.

Театр сахнасында түркі тішлдес драматургтардың да пьесалары сахналанған. Олар М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» және «Айгүл елінде», Мұхтарованың «Мен әжейге үйленемін», М.Шамхалованың «Ене мен келін», С.Жамалдың «Қара гүлдер» және Т.Нардың «Төбекөз» қойылымдары. Сонымен қатар, Әзірбайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылуына 25 жылдығына орай, 2017 жылдың 12-15 сәуір аралығында Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастырылуымен Әзірбайжан Республикасының Баку, Шеки қалаларында Әзірбайжанның жазушы-драматургі, философ Мирза Фатали Ахундзаденің «Табиғат зерттеуші Мусье Жордан мен атақты сиқыршы Масталишах дәруіш» пьесасының желісімен «Кетпейсің! Болды, кетпейсің...» атты қойылымын Баку және Шеки қалаларында көрерменге ұсынады. Өткізгелі тұрған бірқатар мәдени іс-шаралар екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды әрі қарай нығайтуға және мәдени ынтымақтастықты дамытуға арналған. Айта кету керек, спектакльдің премьерасын сахналау барысында арнайы режиссер-консультант ретінде Шеки мемлекеттік драма театрының көркемдік жетекшісі, Әзірбайжан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мирбала Салимли шақыртылды.

Қазіргі таңда театрдың шығармашылық ұжымы жаңа қойылымдарға белсенді дайындық жасау үстінде және мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақыттарда өз көрермендерін жаңа туындылармен қуантып, жаңа белестерге ұмтыла береді.


 
  • 2 490
  • 0